Индербор кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі инженерлік желілері жаңғыртылды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Мұнда тұрғын үй қорын жақсарту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында демеушілік қолдау аясында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда, Қонаев көшесі 17 және Майдыров көшесі 1, 1 "а" мекенжайларындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жертөле бөлігіндегі кәріз және су құбырлары жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, тозығы жеткен барлық учаскелер толықтай ауыстырылды. Нәтижесінде, аталған үйлерде су және кәріз жүйелерінің жұмыс сапасы айтарлықтай жақсарды.
Сонымен қатар, тұрғындардың қауіпсіздігі мен инженерлік инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында осы үйлердегі орталық электр желілері де толық жаңартылды. Ескі, жиі ақау беретін сымдар мен желі элементтері заманауи талаптарға сай жаңа жабдықтармен алмастырылды.
"Аталған жұмыстар тұрғындардың қолайлы және қауіпсіз ортада өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты, тұрғындардан жаңартылған электр және инженерлік желілерді ұқыпты пайдаланып, техникалық тәртіпті сақтауды, сондай-ақ кез келген ақаулар анықталған жағдайда басқарушы мекемеге дер кезінде хабарлауды сұраймыз" делінген әкімдік хабарламасында.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ