Данияда өткен EuroSkills Herning-2025 чемпионатында еліміздің атын шығарып, абыройын асқақтатқан С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің студенті Бақдәулет Қуанышты атыраулықтар зор құрмет-қошеметпен қарсы алды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Қазақстан құрамасы жуырда ғана үлкен жетістікке жетіп, 7 «Үздік медальон» жеңіп алдған болатын. Бұл – еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру тарихындағы рекордтық нәтиже. Әсіресе, атыраулық студент Бақдәулет Қуаныштың “CAD инженерлік графика” құзыреттілігі бойынша бақ сынап, халықаралық деңгейде үздік нәтижелер көрсетіп, “Үздік маман” медальонын иеленуі – Атырау өңірі үшін айтулы оқиға болды!
«Бұл жетістік Қазақстандағы техникалық білім беру жүйесінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Студенттеріміз халықаралық аренада мықты бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Барлық жеңімпаздарды құттықтаймын!» – деді оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаев.
Бүгін Еуропа чемпионатынан жеңіспен оралған колледж мақтанышы, 4-курс студенті Бақдәулетті ұстаздар мен студенттер теміржол бекетінен зор қуанышпен күтіп алды. Президенттің өзі жариялаған Жұмысшылар жылы аясында үлкен жеңіске қол жеткізген талапты жасты ұлықтау шарасы колледж ауласында салтанатты шарада жалғасын тапты. Ұстаздар жүрекжарды тілектерін жеткізсе, өнерпаздар әннен шашу шашты. Салтанатты шараға Бақдәулеттің ата-анасы да арнайы қатысып, оқу орнының ұйымшыл ұжымына өз ризашылықтарын білдірді. Олар ұлдарының жеңісіне қолдау көрсеткен барша ұстаздарға алғыс айтып, қуаныштарымен бөлісті. Қалай болғанда да, бұл - барша қазақ елінің жетістігі екені сөзсіз!
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ