Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда есімі елге белгілі азамат өмірден өтті...

Елге есімі белгілі азамат, дәрігер, халық қалаулысы, Атырау облыстық Ұлттық ойындар қауымдастығының төрағасы,  атбегі, күйші Өнербек Жанбала өмірден өтті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Қаралы хабар марқұмды жақын білетін ел ағалары өздерінің әлеуметтік парақшаларында жеткізуде... Солардың бірі Атырау қаласының бұрынғы әкімі Нұрлыбек Ожаев: "Арысымыз өмірден өтті. Атыраудың Арыс Азаматы еді, туған елге сіңірген елеулі еңбегі мен бойына біткен ұлтымыздың қасиеттеріне толы қайталанбас ізі қалды! Атырау облыстық мәслихатының бірнеше шақырылымның депутаты Өнербек Жанбалаұлының алды пейіш болғай" деп жазды.

Сол сияқты, Ақжайық аудандық мәслихат депутаты Артур Ермұханов: " Атырау облысының Құрметті азаматы, ардақты ағамыз Өнербек Жанбала өмірден өтті деген суыт хабар жанымызды ауыртты. Өнербек аға – өміршең еңбегімен, салиқалы мінезімен, көпке үлгі болған азамат еді. Ағамен алғаш Базартөбе ауылдық округінде әкім болып қызмет етіп жүрген кезімде танысқан едім. Содан бері байланысымыз үзілмей, сыйластықпен араласып келдік. Ағамыз Базартөбе ауылында өз шаруашылығын дөңгелетіп қана қоймай, елге әрдайым жанашыр болып, қолдан келген көмегін аяған емес. Ел ішіндегі абыройы да, сөзі де салмақты болатын. Көлік жүргізіп келе жатса да, артқы орында әрдайым домбырасы жататын – күй шерткенде жүрек тербейтін. Өнербек ағаның ұлттық спортқа қосқан үлесі – өз алдына бір төбе. Көкпар, бәйге, жамбы ату, аударыспақ сынды дәстүрлі спорт түрлерін дамытуда Атырау өңірі үшін елеулі еңбек сіңірді. Ол кісі тек спортты емес, ұлттық рухты, дәстүр мен өнерді бірге алып жүрген шын мәніндегі зиялы тұлға еді. Міне, қазақ елі, соның ішінде Батыс өңірі біртуар азаматынан айырылып отыр. Бұл – барша жұртқа ортақ ауыр қаза. Иманы жолдас болсын, Өнербек аға! Артында қалған ұрпағына, туыстарына, жақын-жуықтарына қайғыра көңіл айтамын" деп жазды.

Тағы бір желі қолданушысы Руслан Төлегенов: “Дауа бар ма, тағдырға, аға бар ма, бізге енді?!” Күйкі тірліктің тар шеңберін тастап шығып Өнербек ағамыз бақиға озды дегенде… көкейге тас тығылып, көзге жас кеп қалды. Ішім алай-дүлей, көңіл азан-қазан. Өнербек ағаның жанына азды-көпті ілесіп, бірге қызмет атқарғам. Қосшы болып, қолғабыс болғаным бар еді. Атырауда Ұлттық спортты дамытам деп, күн-түн шапқылағанда мен ағаның орынбасары боп, талай істің басында жүріп едік. Аз сөз сөйлеп, көп іс бітіретін азамат еді. Қазір Ұлттық спорт - өңірде кең қанат жайды. Үлкен додаларда Атыраудың аты шығып жүр. Ал, осы жетістіктің түбіне үңілсек - әрине мұнда Өнербек ағаның қолтаңбасы жатқанын көз көргендер шын білуі тиіс. Анығында, Өнербек аға өңірде Ұлттық спорттың иісі шықпай тұрған кезде, сонау 1990 жылдары өзі бас болып бастады. Оны қазір біреу білсе, екеу білмейді. “Дайын асқа тік қасық болған жоқ”. Жоқтан бар жасап, нөлден - көлге айналдырды. Шыр-пыр боп жүріп, Атырауда ең бірінші болып Ұлттық спортты жолға қойып, насихатын арттырды. Көпке танытты. Маңдай тер төгіп, аяқтан тік тұрғызды. Оған мен өзім куәмын. Іскерлігінен бөлек, азаматтығы бір бөлек әңгіме. Сабырлы, өте салмақты мінезі - бізге қашан да үлгі. Ол кісідей бола аламыз ба, бола алмаймыз ба, ол енді бізге сын. Өкініштісі сол, жарқ етіп жалған өмірден өте шыққаны. Көңілге медет болатыны - ағаның жанында жүріп, көп тәрбие алғаным. Осыған ғана шүкір етемін. Жақсының шарапаты деген осы болса керек. Кімнен қалмай жатқан қу өмір. Исатай мен Махамбет кеткен, Құрманғазы мен Динадан қалған, кешегі дүркіреген Фариза апаларымыздан қалған жалған өмір емес пе?! Өнербек ағамыз да жақсылардың жолымен, бабалардың ізімен мәңгілік мекеніне аттаныпты. Алла алдыңнан жарылқасын, жақсы аға! Артыңыздан жоқтап, естелік жазамыз деп ойладық па, қысқа ғұмырдың ұзақ сапарына аттанған, асыл аға жаныңыз жәннатта болсын!" деп жазды.

P.S. Біз де редакция атынан марқұмның жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Ағамыздың алды пейіш, арты кеніш болғай...

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ