Атырауда 1600-дей адам жатыр мойны және сүт безі қатерлі ісігімен ауырады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Осыған сәйкес жаңа оқу жылының басталуына орай жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы екпенің маңыздылығын түсіндіру мақсатында семинар өтті. Іс-шараға облыс емханаларынан гинекологтар және мектептердегі медбикелер қатысты. ӨКҚ мәлім еткендей, семинарда қатерлі ісікке қарсы скрининг пен алдын алу жұмыстарының тиімділігі айтылып, шетелдік тәжірибелер салыстырмалы түрде қарастырылды. Мамандардың айтуынша, скрининг қатерлі ісікке әкелуі мүмкін ауруларды ерте анықтап, алдын алуға мүмкіндік береді.
- Қазір аймақта 11-13 жас аралығындағы қыздарға ата-аналарының рұқсатымен жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы вакцина егу басталды. Осыған байланысты медбикелер арнайы оқытудан өтіп, ата-аналарға екпенің маңыздылығын дұрыс жеткізу бойынша дайындықтан өтті. Екпе екі кезеңнен тұрады, біріншісі мен екінші екпенің арасы — алты ай, - деді Атырау облыстық Онкология диспансерінің директоры Эльмира Сапарова.
Облыста бүгінде 5620 науқас онкологиялық аурулар бойынша есепте тұр. Олардың ішінде 800-ден астам әйел жатыр мойны қатерлі ісігімен, сондай-ақ сонша адам сүт безі қатерлі ісігімен тіркелген. Бұрын бұл дерт көбіне 50 жастан асқан әйелдер арасында кездессе, соңғы кездері жас талғамай отыр. Кейінгі жылдары 90 жасқа таяған қариядан және жүкті әйелден де қатерлі ісік анықталған.
Сәуле МАҒАУ