2025 жылдың ақпанында Атырау қаласының ерлі-зайыптылары «Крыша КЗ» сайты арқылы көңілдерінен шыққан пәтерді тапқан. Барлық шарттарды келісіп, олар нотариус арқылы сатып алу-сату келісімшартын рәсімдеп, сатушыға 10 млн теңге аударған. Бәрі сәтті әрі адал өтіп жатқандай көрінгенімен, бірнеше айдан кейін күтпеген даулы жағдай туындады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Сатушының марқұм күйеуінің ата-анасы мәмілені жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берген. Атырау қалалық соты мен Атырау облыстық сот алқасы олардың талаптарын қанағаттандырып, ерлі-зайыптылар көптен күткен пәтерінен айырылу алдында қалған.
Алайда жағдай Қазақстан Республикасы Кассациялық сотының араласуынан кейін түбегейлі өзгерді. 2025 жылғы 10 желтоқсанда сот алқасы жергілікті соттардың шешімдерін толықтай бұзып, жаңа қаулы шығарды: талап арыз толық көлемде қанағаттандырусыз қалдырылды.
Сот ерлі-зайыптылардың адал ниетпен әрекет еткенін анықтады: олар үшінші тұлғалардың даулары бар екенін білмеген, сақтық танытып, нотариуске жүгінген және ресми деректерге сенген. Олардың құқықтары бұзылғанымен, әділдік ақыры орнады.
— Заңның адал сатып алушыларды қорғағанына шын жүректен қуаныштымыз. Бұл адалдық пен сақтықтың әрдайым өз нәтижесін беретінін көрсететін маңызды прецедент, — деді заңгер Абылай Сисенов.
Ерлі-зайыптылар өз мүдделерін қорғаудағы үйлесімді еңбектері үшін Г.Калисова, А.Сисенов және Н.Новиковтарға ерекше алғыс білдірді.