Атырауда өткен аптада 1700-ден астам құқықбұзушылық анықталды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
1-7 желтоқсан аралығында облыс көлемінде “Қауіпті жүргізуші” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Мақсат – жол көлік оқиғаларының алдын алып, зардап шеккендердің санын азату. Бұл туралы Атырау облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Айбек Әлімов ӨКҚ алаңында өткен баспасөз брифингінде айтты. Анықталған заңбұзушылықтар негізінде 79 автокөлік айыптұрағына қойылып, 76 көлік мемлекеттік тіркеу нөмірінен айырылған.
- Жедел-профилактикалық жұмыс кезінде полиция қызметкерлері жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол ережесін жиі бұзатындармен күресті. Соған қарамастан бірқатар заңбұзушылық орын алды. Атап айтқанда, мас күйінде көлік басқарған 19, қарсы бағытқа шыққан 8 , маневр жасау ережесін бұзған 370, жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізген 56, ұялы телефон қолданған 241 және жаяу жүргіншіге жол бермеген 79 көлік жүргізушісі анықталды,- деді А. Әлімов.
Спикер брифинг барысында жүргізушілерді жолда абай болып, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтауға шақырды. Сонымен қатар жол үстіндегі жауапкершілік тек жүргізушінің емес, жолаушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды фактор екенін еске салып өтті.
Сәуле МАҒАУ