Соңғы жылдары ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда: Алматы, Шымкент, Қызылордада жаңа әуежай терминалдары ашылды, ал Зайсан, Қатонқарағай мен Кендірліде жаңа әуежай құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жобалар өңірлердің белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
Менің ойымша, ең өзекті мәселенің бірі – жүк тасымалы. Президент дұрыс айтты: әуемен тасымалданатын жүк көлемін кемінде екі есе ұлғайту қажет. Ол үшін шетелдік инвесторларды тарта отырып Ұлттық жүк тасымалдаушы компания құру маңызды. Әлемде электронды сауда мен технологиялық өнімдер экспорты артып жатқанда бұл сала Қазақстан үшін табысты бағыт болары сөзсіз.
Сонымен қатар дрондар мен пилотсыз көліктер арқылы жүк жеткізу сияқты жаңа технологияларды тезірек енгізу керек, мен солай есептеймін. Бұл тек логистика емес, бүкіл экономиканың цифрлық жаңғыруына серпін береді.
Қазақстанның Еуразиядағы көлік хабы атануы – үлкен мақсат. Бірақ оған жету үшін мемлекет пен бизнестің үйлесімді жұмысы қажет.
Айгүл Әмірғалиева, Атырау облыстық мәслихатының депутаты