Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Махамбетте заманауи ферма салынуда

Атырау облысының Махамбет ауданында тауарлық балық өсіруге арналған жаңа ферма құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Кәсіпорын жылына 85 тоннаға дейін өнім өндіріп, шамамен 15 миллион бекіре шабағын өсіруді жоспарлап отыр. Бұл – аудандағы инвестициялық жобалар аясында іске қосылатын алғашқы ферма.

Жайық жағалауындағы құрылыс жұмыстары бүгінде 80 пайызға орындалды. Мұнда сибас пен құнды бекіре тұқымдас балықтар өсіріледі. Ферма ауданда алғаш рет балықты қолдан өсіруді қолға алмақ. Өндірістік процесс толықтай автоматтандырылады: жасанды интеллект элементтері бар голландиялық технология енгізілуде.

«Бұл – ең заманауи технология. Мұнда шабақтар өсіріледі. Біз балықтың жағдайын бақылау үшін жасанды интеллект элементтерін қолданатын жүйені енгізудеміз. Тоқтық пен белсенділігі – барлығы экранда көрсетіледі, осылайша біз үдерісті нақты уақыт режимінде бақылай аламыз», — деді шаруашылық жетекшісі Муса Сұлтанғалиев.

Қазір фермада 20 адам жұмыс істейді. Болашақта өндіріс аумағы 4 гектардан 16 гектарға дейін кеңейген кезде, жұмыс орындарының саны 60-қа жетпек.

«Бұдан бөлек, “Адана” шаруашылығы қазірдің өзінде 20-дан астам адамды жұмыспен қамтып отыр, ал Atyrau Chicken кәсіпорны іске қосылған соң шамамен 50 қызметкерді қабылдайды», — деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қасымхан Ұзақбайұлы.

Әкімдік мәліметінше, 2024–2029 жылдарға арналған ұлттық инвестициялық пул аясында өңірде 35 ірі жоба жүзеге асырылып, шамамен 4600 жаңа жұмыс орны құрылады. Оның сегізі аграрлық салаға тиесілі.

Сәуле МАҒАУ

Фото: ru.freepik.com