Атырауда 50-ден астам ассенизатор жүргізушісі кәріз суларын төгу құнының кенеттен қымбаттауына байланысты наразылық білдірді. Олар төлемнің бір күнде өсіп кеткенін айтып, егер баға төмендетілмесе, жұмысты тоқтататындарын мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Жүргізушілердің айтуынша, бұған дейін лас суды төгу үшін *800 теңге* төлеп келген. Ал бүгіннен бастап бұл сома *1200 теңгеге* дейін көтерілген.
«Біздің қалтамыз көтермейді. Запчасть қымбат, дизель отыны да қымбат. Әрқайсымыздың несиеміз бар, бала-шағамызды асырау керек. Егер 1200 теңге төлесек, әр рейстен түсер табыс қалмайды», – дейді жүргізуші Мұрат Сүндетов.
Наразылыққа себеп болған мәселе – қала шетіндегі жаңа кәріз төгу нысанының жұмысын «Атырау су арнасы» коммуналдық мекемесіне беру. Кәсіпорын нысанды ұстау мен қызметкерлердің еңбекақысын төлеу үшін тарифті көтеру туралы шешім қабылдаған.
«Бізге керегі – бірдей баға. Қаланың ана шетіндегі нысанда да, мұнда да бір тариф болсын. Бізге басқа ештеңе қажет емес», – дейді жүргізуші Рүстем Лұқпанов.
Жиналғандарды «Атырау су арнасы» басшылығы біраз күттіргенімен, кейін олардың талабын ескеріп, бағаны бұрынғы деңгейде қалдыруға келісті.
«Жүргізушілердің уәжін тыңдап, басшылықпен ақылдаса келе, бұрынғы тарифті қалдыру туралы шешім қабылдадық. Биыл баға өзгермейді», – деді мекеме директорының орынбасары Ғасыржан Лекеров.
Алайда коммуналдық кәсіпорын өкілдері бұл шешімнің уақытша екенін айтты. Төлем мөлшері жыл соңына дейін өзгеріссіз сақталады, ал кейінгі кезеңде бағаны қайта қарауға мәжбүр боламыз дейді олар.
Әлия ЖАМИТОВА