«Борышкер» іс-шарасы: төленбеген 12 айыппұлы бар автокөлік арнаулы тұраққа қойылды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау қаласының аумағында жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғасын алдын алу мақсатында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тәулік бойы қызмет атқаруда. Республика көлемінде өткізіліп жатқан «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде бұрын жасаған құқық бұзушылықтары үшін айыппұлдарын төлеуден жалтарып жүрген, борышкер ретінде тіркелген көлік құралдарын анықтау және айыппұлдарын өндіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, қала аумағында төленбеген 12 айыппұлы бар маркасы Kia Rio автокөлігінің 21 жастағы жүргізушісі тоқтатылып, тиісті әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік арнаулы тұраққа жеткізілді.
Атырау қаласы полиция басқармасы тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, жол ережелерін бұзбауға және құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда оны заң аясында уақытылы өтеу қажеттігін ескертеді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ