Атыраудағы "Ескі базарда" киік еті саудаға түсті, деп хабарлайды «Atyrau Today» тілшісі.
Сатушының айтуынша, ет Оралдан шамамен екі тонна көлемінде жеткізілген. Оның мәлімдеуінше, сауда ресми түрде жүргізілуде: әрбір ұша ветеринарлық тексеруден өтеді, ал жануарларды аулау «ыңғайлы тәсілмен» — яғни от қаруының орнына тор қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Өнімнің бағасы көтерме саудада килограмына 2 000 теңге, ал бөлшек саудада 2 200 теңге. Сұраныс жоғары: кейбір азаматтар етті алғаш рет алса, енді біреулері бірден бірнеше килограмнан сатып алып жатыр.
Сонымен бірге экологтар мен қоғамдық белсенділер алаңдаушылық білдірді. Олар киіктің Қызыл кітапқа енгенін еске салып, мұндай сауданың заңдылығын тексеру қажеттігін атап өтті.
«Atyrau Today» редакциясы ақпараттың шынайылығын растау және түсініктеме алу үшін Атырау қалалық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына ресми сауал жолдады.
Сәуле МАҒАУ