Индер ауданында ел игілігі үшін адал еңбек етіп жүрген кәсіби мамандар жетерлік. Солардың бірі – аудандық орталық кітапханасының құжаттарды өңдеу және жинақтау бөлімінің редакторыЖандарида Бияшева, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінен білгеніміздей, Жандарида Ибраемқызы – кітапхана саласында талай жыл бойы табанды еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Ол кітап қорын жүйелеу, құжаттарды сапалы өңдеу, әдебиеттерді ғылыми-әдістемелік талаптарға сай рәсімдеу жұмыстарында жоғары жауапкершілік танытады. Өз ісіне тиянақты, ұқыпты әрі талапшыл болғаны үшін әріптестері мен оқырмандары арасында үлкен құрметке ие.
Бүгінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қоры 220 мыңға жуық кітаптан тұрады. Оның 155 мың данасы мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Жылына 13 мыңнан астам оқырман кітапхана қызметін пайдаланады. Жалпы аудан бойынша халық игілігіне қызмет етіп отырған 13 кітапхана бар. Оның төртеуі кент ішінде, 9-ы ауылдық бөлімшелер.
Кітапханашы мамандығы – сабырлықты, мәдениеттілікті, тыңғылықтылықты және үздіксіз ізденісті талап ететін өте жауапты сала. Жандарида Ибраемқызы осы талаптардың барлығын абыроймен атқарып, ауданның рухани дамуына, кітап қорының сапалы қалыптасуына үлкен үлес қосып келеді. Осындай білім мен руханият жолында адал еңбек етіп жүрген жандар – қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға қызмет ететін нағыз еңбек адамдары.
Аман ШАМАР
