Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда Абайдың 180 жылдығы аталып өтті

Атырау индустриалды колледжінде ұлы ойшыл, қазақтың классик ақыны, ағартушы-философ Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған студенттердің облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Шара Атырау облысы Білім беру басқармасының Әдістемелік орталығы және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институты» филиалымен бірлесіп, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылды.

Конференцияға облыстың барлық жетекші колледждерінен 30-дан аса ғылыми жұмыс ұсынылып, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының үздік студенттері өз зерттеулері мен ізденістерін ортаға салды.

«Біздің мақсатымыз — Абайдың терең рухани, философиялық мұрасын жастар санасына сіңіру, оның ұлттық мәдениет пен ой-сана қалыптастырудағы тарихи рөлін көрсету. Сонымен бірге, жас буынды ақынның адамгершілік, ізгілік, отансүйгіштікқа бағытталған ілімдері негізінде тәрбиелеу», дейді Атырау индустриалды колледжінің директоры Қайыр Айтпайұлы.

Абайды тану – қазақ руханиятының өзегін тану. Конференция барысында студенттер Абайдың шығармашылығы мен философиялық ойларына қатысты түрлі бағыттағы зерттеулерін ұсынды.
Талдау жұмыстары ақынның әдеби мұрасының, ағартушылық қағидаларының, адам болмысына қатысты моральдық-этикалық тұжырымдарының, бүгінгі қоғам дамуы және ұлттық рухани кеңістіктегі рөлінің өзектілігін қамтыды.

Қатысушылар Абай ғибратының қазіргі заман жастары үшін өмірлік бағыт-бағдар бола алатынын, оның шығармашылығындағы ой-толғамдар жастарды ізгілікке, білімге, татулыққа шақыратынын атап өтті.

Шара соңында Атырау индустриалды колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Людмила Өмірханова студенттер мен олардың ғылыми жетекшілерін конференцияға белсенді қатысқаны үшін сертификаттармен марапаттады. Ол жас зерттеушілердің ізденіске деген талпынысын жоғары бағалап, бұл жұмыс олардың әрі қарайғы ғылыми өсуіне зор серпін беретініне сенім білдірді.

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған бұл конференция жас буынның рухани-мәдени ой-өрісін кеңейтуге, ұлы ақын мұрасын жаңа қырынан қайта зерделеуге бағытталған маңызды алаңға айналды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ