Аудан көшелерін бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету – бүгінде басты назарда, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Осы ретте, Құрманғазы ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы ауданға қарасты 16 ауылдық округте 400-ден астам сыртқы бейнебақылау камерасын орнату жұмыстары басталады. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, аудан басшысы Абат Жангалиевтің төрағалығымен ағымдағы жылы жоспарланған бейнебақылау камераларының орнату орындарын нақтылау мақсатында аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімі басшылығының, ауылдық округ әкімдерінің және мердігер мекеме өкілдерінің қатысуымен жиын өтті.
Негізгі бөлігі жол қиылыстарына, тұрмыстық қалдықтар жәшіктерінің айналасына, сонымен қатар халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарда орнатылатын болады.
Сонымен қатар 44 камера «Сергек» бейнебақылау жүйесіне қосылады. Олар жылдамдықты арттыру, тоқтау сызығын басу, тыйым салынған аймаққа өту сияқты жол ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын болады.
Орнатылатын бейнекамералар аудан ішіндегі түрлі қылмыстың, құқық бұзушылықтардың алдын алуда көмегі зор болмақ.
Амандық АБДОЛ
Фото: ru.freepik.com