Қазақстанда биыл жасанды интеллект бағытындағы стартаптарды қолдауға 10 миллиард теңге бөлінді. Жыл басынан бері 62 жоба жүзеге асырылды, олардың басым бөлігі әлеуметтік сала мен өндірісті жеңілдетуге бағытталған, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Солардың бірі – ым-ишара тілін танитын бағдарлама. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бұл жоба қазірдің өзінде телеарналарға, мектеп бағдарламасына енгізіліп, естімейтін жандарды төтенше жағдай кезінде хабардар етуге мүмкіндік беріп отыр.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, 26 жобаны 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар жүзеге асыруда. Оған 11 өңірден 27 университет пен 6 ғылыми институт қатысып, 500-ге жуық зерттеуші тартылған.
Тағы бір маңызды міндет – жасанды интеллектіні қазақ тілінде сөйлету. Ол үшін жаңа тілдік модель әзірленіп жатыр. Базада қазірдің өзінде 6 миллиардтан астам қазақ тіліндегі термин қамтылған.
«Қазақстанға ұлттық мүддеге сай, елдің дамуына серпін беретін жасанды интеллектінің отандық моделі қажет», – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Жасанды интеллект медицинада да қолданыла бастады. *CerebraAI* компаниясы күрделі ауруларды ерте анықтайтын бағдарламаны жасап шығарды. Жоба Қазақстанмен қатар АҚШ, Өзбекстан, Сингапур және Сауд Арабиясы клиникаларында сынақтан сәтті өтті.
Жақында жасанды интеллектіні қолданудың этикалық қағидаттары бекітілді. Басты мақсат – дербес мәліметтердің сыртқа шықпауын қамтамасыз ету. Осы бағытта Ұлттық платформа құрылмақ. Ол «қазақстандық Google Cloud» ретінде тек отандық бағдарламаларды пайдалануға мүмкіндік береді және деректердің шетелге кету қаупін болдырмайды.
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ