Атырауда «Еңбек күніне» орай ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараға өңірдің әр түкпірінен келген 60-қа жуық кәсіпорын мен ұйым қатысты. Жәрмеңке жұмыссыздық деңгейін төмендету, халықты жұмыспен қамту және тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Жыл басынан бері облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен осындай 34 іс-шара өткізілген. Нәтижесінде 800-ден астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Бүгінгі жәрмеңке өңірдің еңбек нарығын дамытуда маңызды қадам болды және өнеркәсіптік кәсіпорындар, мемлекеттік органдар мен қызмет көрсету саласы арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын тиімді алаңға айналды.
Жәрмеңкеде мемлекеттік және жекеменшік сектордың жұмыс берушілері 100-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Кәсіпкерлікке ерекше назар аударылды – өз ісін ашқысы келетіндерге арналған жобалар мен стартап-идеялар таныстырылды. Бұл таныстырылымдар 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі грант бағдарламасы аясында өтті.
Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасанов атап өтті:
«Біз мұндай шараларды тұрақты түрде өткізіп тұрамыз. Басты мақсат – жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнату, азаматтарға түйіндемелерін ұсынуға және сол жерде сұхбаттасудан өтуге мүмкіндік беру. Бүгінгі таңда өңірлік карьера орталықтарында 25 мыңнан астам жұмыссыз тіркелген. Жыл басынан бері 12 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды – олардың қатарында тұрақты да, субсидияланған жұмыс орындарына орналасқандар бар».
Жәрмеңке аясында Әділет департаменті мемлекеттік қызметке арналған бес бос жұмыс орнын ұсынды. Бұл азаматтарға құқық саласында қызмет етуге мүмкіндік берді.
Әділет департаменті басшысының орынбасары Гүланда Қыстаубаева түсіндіріп өтті:
«Қазір бізде мемлекеттік қызмет бойынша бес бос орын бар. Бұл туралы барлық хабарландыруларда көрсетілген. Сонымен қатар, біз атқарушылық іс жүргізу аясында борышкерлермен белсенді жұмыс істеп келеміз — бүгінде облыста 140 мыңға жуық атқарушылық құжат тіркелген, соның 20 пайызы жұмыссыз азаматтарға қатысты. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі осындай адамдарға жұмыс табуға мүмкіндік береді. Біз мұндай шараларды тоқсан сайын екі рет өткіземіз. Ұсынылған жұмыстан бас тартқан жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған».
Атыраудағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі — бұл тек жұмыс іздеу шарасы ғана емес. Бұл — өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайту мен экономиканы дамыту жолындағы нақты қадам. Мұндай бастамалар жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, адамдарға қоғамда өз орнын табуға көмектеседі.
Сәуле МАҒАУ
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ