Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған жер қойнауын цифрландыру, заманауи карта жасау және халықаралық стандарттарға сай зертхана ашу жөніндегі бастамасын толық қолдаймын. Бұл — уақыт талабы.
Бүгінде елімізде геологиялық барлау жұмыстарының нақты ғылыми базасы мен цифрлық инфрақұрылымы әлі де жеткілікті деңгейде емес. Әсіресе, Атырау өңірі секілді стратегиялық маңызы бар аймақтарда аэро-геофизикалық зерттеулердің жаңартылуы ауадай қажет. Көптеген деректер ескі әдістермен жиналған, ал олар бүгінгі заманның технологиялық сұранысына сай келмейді.
Президенттің «жасанды интеллект технологиясын енгізу» туралы сөзі — алдағы өзгерістердің негізі. Жасанды интеллект арқылы мәліметтерді жүйелеп, нақты модельдер құру — геологиялық барлау сапасын арттырып, инвесторлар үшін де ашық әрі тартымды орта қалыптастырады.
Сондай-ақ, зертхана ашу бастамасын аса маңызды деп білемін. Бұл — тек ғылыми база емес, сонымен қатар халықаралық сарапшылармен ынтымақтаса жұмыс істеуге жол ашатын маңызды алаң. Мұндай зертхана Ұлттық геологиялық қызмет аясында құрылса, отандық мамандардың әлеуеті де артып, тәжірибелері шыңдалар еді.
Жалпы, геология — кез келген индустриялық елдің тірегі. Біз бұл саланы тек шикізат көзі ретінде емес, терең білім мен технологияға сүйенетін ғылым ретінде дамытуымыз керек. Сол жолда қабылданып жатқан шешімдерді қолдаймын және олардың нақты жүзеге асуын тілеймін.
Мария Жапаққызы,
мұнай саласының ардагері
Атырау