Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда 223 кәсіпкер «Даму Бала» жобасының жұмысын қайта жандандыруды талап етуде

24 қазаннан бастап Атырауда балаларға арналған спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерінің қызмет көрсетушілері облыстық әкімдікке «Даму Бала» бағдарламасы бойынша ваучерлерді қайта іске қосуды сұрап жүгінуде, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

«Даму Бала» бағдарламасы электрондық мемлекеттік сертификат беруді қарастырады. Сол сертификат арқылы ата-аналар балаларын спорт секцияларына, үйірмелерге және дамыту орталықтарына орналастыру үшін төлем жасай алады. Қаражатты мемлекет бөледі, ал ата-аналар ваучерді қандай ұйымға бағыттайтынын өздері таңдайды. Бағдарлама 5 пен 17 жас аралығындағы балаларға арналған және отбасы бюджетіне салмақ түсірмей, спорттық және шығармашылық қабілеттерді дамытуға бағытталған.

Қаражат ұйымдарға ваучер түрінде аударылады: ата-аналар EGov порталы немесе облыс әкімдігінің арнайы бөлімі арқылы баласына арналған үйірме немесе секцияны таңдайды, ал орталықтар төлемді мемлекеттен алады.

Алайда қолдау көрсетілмей келе жатқанына алты ай болды. Бұл кәсіпкерлердің шығынға батуы мен орталықтардағы балалар санының қысқаруына әкеліп, ұйымдардың табысын төмендетуде. Атырау облысында жалпы 223 кәсіпкер осындай қиындыққа тап болған.

Самал шағынауданындағы би мектебінің жетекшісі Арай Досмұхамбетова:

«Бұрын ваучер арқылы 200 баланы қамти алатынбыз. Қазір тек 80 бала оқып жүр, 120 орын бос тұр. Бізде 2 ресми педагог жұмыс істейді — әрқайсысына 100 баладан келеді. Жалақыларын төлеп отырмыз, бірақ мемлекет төлемегендіктен, өзім шығынға батып жатырмын. Ай сайын шамамен 1,8 млн теңге алуға тиіс едік, алайда қазан мен қарашада ешқандай қолдау болған жоқ», — дейді.

Қазір Атырау облысының білім басқармасы «Лира» атты жаңа жобаны енгізіп жатыр. Ол пилоттық режимде жұмыс істеуде және жоспар бойынша келесі жылдың қаңтарында ресми түрде іске қосылмақ. Алайда кәсіпкерлер бұл жобаны шикі әрі жетілдіруді қажет етеді деп отыр.

Досмұхамбетованың айтуынша, бағдарламаның пилоттық кезеңі әлі де ашық емес: ата-аналардың жеке кабинеттерінде топтардағы балалар саны туралы ақпарат жоқ, ал кейбір балалар мен олардың заңды өкілдері жүйеде мүлде көрсетілмейді.

Лия НҰРТАЙ