Атырау қаласында бірқатар көшелер мен өткелдерге жаңа атау беру туралы шешім қабылданды. Соның ішінде «Самал» шағын ауданындағы №14 өткелге Шалқар Ақымғалиевтің есімі берілмек, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Жалпы қала бойынша 14 көше мен өткелге жаңа атаулар ұсынылды. Сонымен қатар «Авангард» шағын ауданындағы Луговая көшесі Хиуаз Доспанова көшесі болып қайта аталады.
Шалқар Ақымғалиев — Атырау қаласының тумасы, 24 жасында ерлікпен қаза тапқан полиция сержанты. Ол 2019 жылдың 21 наурызында қызметтік міндетін атқару кезінде Орал өзеніне секіріп, көпірден секіріп, суицид жасауға әрекеттенген қызды құтқаруға ұмтылған. Алайда қатты ағысқа төтеп бере алмай, өзі суға батып кеткен. Ал оның қызметтес әріптесі қызды аман алып қалған.
Марқұмның үйлену тойына екі ай ғана уақыт қалған еді. Ол отбасындағы жалғыз асыраушы болған. Шалқар Ақымғалиев барлық құрметпен жерленді.
Көрсеткен ерлігі үшін ол қайтыс болғаннан кейін «Айбын» II дәрежелі орденімен марапатталды. Ол оқыған мектепте Шалқар Ақымғалиевтің есімі берілген кадет сыныбы ашылды. Батыр полицейдің ерлігі мәдениет саласында да ұлықталды — әнші Ерке Есмахан оның құрметіне «1001 күн» атты клип шығарды. Сондай-ақ Шалқар Ақымғалиевтің есімі қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған мемориалға енгізіліп, ескерткіш тақта орнатылды.