"Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК Атырау облыстық филиалында Білім-инновация лицейі-2 оқушыларына арналған ашық есік күні өтті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Шараның негізгі мақсаты — жас өрендерге жол құрылысындағы зертханалық процестерді көрсетіп, техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыру. Іс-шара барысында жоғары сынып оқушылары жол зертханасының күнделікті жұмысымен жан-жақты танысты. Олар жол құрылысында қолданылатын инертті материалдар, битум, асфальт қоспалары және басқа да құрылыс өнімдерінің сапасы қалай тексерілетінін өз көздерімен көрді. Зертхана мамандары сынама алу, материал құрылымын талдау, беріктік пен тығыздықты анықтау секілді маңызды процестерді тәжірибе жүзінде көрсетіп, әрбір сынақтың жол сапасына қалай әсер ететінін түсіндірді.
Оқушылар сондай-ақ зертхананың заманауи құрал-жабдықтарымен танысып, олардың жұмыс істеу принциптерімен, жолдың ұзақ мерзімге шыдамды әрі қауіпсіз болуы үшін қандай халықаралық стандарттар мен техникалық регламенттер басшылыққа алынатынымен танысты. Балаларға арнайы қорғаныс құралдары беріліп, тәжірибелік шағын сынақтарға қатысуына да мүмкіндік жасалды.
Филиал директоры Аслан Дюсенов жастармен жүздесу барысында жол-құрылыс саласының ел дамуындағы маңызын атап өтті: "Қазір елімізге жол құрылысы саласының білікті мамандары ауадай қажет. Инфрақұрылымның дамуы мен сапалы жолдардың салынуы — болашақ инженерлер мен зертханашылардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Сол себепті осындай іс-шаралар жас буынның мамандыққа деген ынтасын оятып, дұрыс бағыт таңдауға мүмкіндік береді деген ойдамыз", — деді ол.
Шара соңында оқушылар филиал ұжымымен еркін пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Белсенділік танытқан оқушыларға мекеме атынан естелік сыйлықтар табысталып, алғыс хаттар берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ашық есік күндері алдағы уақытта да жалғасын тауып, техникалық салаларға қызығушылығы бар жастарды қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналмақ.
Амандық АБДОЛ