Атырауда Жайық жағалауында медицина қызметкерлерінің қатысуымен ауқымды жүгіру марафоны өтті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, акцияға денсаулық сақтау саласының 200-ден астам маманы қатысты. Іс-шараны Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы №5 қалалық емханамен бірлесіп ұйымдастырып, заң мен тәртіп қағидаттарын насихаттауға, сондай-ақ салауатты өмір салтын дәріптеуге бағыттады.
Марафонға қатысушылар спорттық бастаманы қолдап қана қоймай, жеке үлгілері арқылы дене белсенділігінің маңыздылығын көрсетті. Ведомствоның мәліметінше, мұндай шаралар медицина қызметкерлері арасында командалық рухты нығайтып, қоғамда денсаулық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Іс-шара барысында барлық қауіпсіздік шаралары сақталып, медициналық сүйемелдеу ұйымдастырылды. Ең белсенді қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Баспасөз қызметінде атап өткендей, марафонның басты мақсаты — халықтың дене белсенділігін арттыру, зиянды әдеттердің алдын алу және мамандардың жеке үлгісі арқылы салауатты өмір салтын насихаттау.
