Қазақстанның отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрамасы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен әлем чемпионатында тарихи жетістікке қол жеткізіп, алғаш рет қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Ұлттық құраманың негізгі құрамының 80 пайызы атыраулық спортшылар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
10–17 шілде аралығында өткен әлем біріншілігіне әлемнің ең үздік 32 командасы қатысты. Чемпионат жүлделерінен бөлек, командалар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарының жолдамалары үшін де бақ сынады.
Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы Бразилия, Хорватия және Ирак құрамаларымен бірге С тобында өнер көрсетті. Плей-офф кезеңінде ұлттық құрама Польша, Иран және Руанда командаларын жеңіп, қола жүлде үшін өткен кездесуде Бразилия құрамасын 3:2 есебімен ұтты. Осылайша, Қазақстан тарихында алғаш рет отырып ойнайтын волейболдан әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылардың шеберлігі жеке номинациялар бойынша да жоғары бағаланды. Әлемнің символикалық Dream Team құрамасына екі қазақстандық спортшы енді. Шыңғыс Медеуов чемпионаттың үздік либеросы атанса, Пердебай Намуратов әлем чемпионатының үздік шабуылшысы деп танылды. Сондай-ақ, құрама сапындағы ойыншылардың жасы 18 бен 40 жас аралығында. Олар көп жылғы жүйелі дайындықтың, қажырлы еңбектің және жоғары кәсіби шеберліктің нәтижесінде ел мерейін үстем етті.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатында 7-орынға ие болып, XVII жазғы Паралимпиада ойындарында 5-орын алды. Ал 2025 жылы Азия чемпионатының жеңімпазы атанған болатын.
