Бүгін Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Сарайшық ауылдық округінде республикалық деңгейдегі жүгіру марафоны өтті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Оған облыстан және еліміздің өзге өңірлерінен 700-ден астам қатысушы жиналды. Олардың арасында 20-ға жуық мүгедектігі бар азаматтар да бар. ӨКҚ мәліметінше, қатысушылар 3, 5, 10 және 21 шақырым қашықтықта бақ сынады.
Марафонға облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп, жарысқа өзі старт берді.
Жарыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен спортшылар арнайы марапаттарға ие болды.
Іс-шара аясында қатысушылар мен қонақтарға көне Сарайшық қалашығының тарихы таныстырылып, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына экскурсия ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнершілердің өнімдері қойылған көрме өтіп, ұлттық бұйымдар мен кітаптар көпшілік назарына ұсынылды.
