Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Құлсарыда «Атырау» футбол клубы академиясының филиалы ашылды

Құлсары қаласында «Атырау» футбол клубы академиясының филиалы ашылды. Бұл – клуб тарихында аудан деңгейінде жұмысын бастаған алғашқы филиал, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Ашылу рәсімінде «Атырау» футбол клубы мен Жылыой ауданы әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. ӨКҚ мәліметінше, іс-шараға «Атырау» футбол клубының бас директоры Айбек Тлеужан, Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов, ардагер футболшылар, спорт саласының өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.

– Құлсары филиалының бапкерлері «Атырау» футбол клубының базасында тағылымдамадан өтіп, кәсіби біліктілігін арттыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл жас футболшыларды дайындау сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді клуб бас директоры А.Тлеужан.

Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов бұл бастама балалар мен жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып, аудан футболының дамуына серпін беретінін атап өтті.

Ашылу аясында «Атырау» ФК U-21 командасының ойыншылары мен клуб бапкерлері жас спортшыларға шеберлік сағатын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар 2014–2015 жылы туған жасөспірімдер арасында жолдастық кездесу ұйымдастырылды.

Қазір «Атырау» футбол клубы балалар футболын дамытуға басымдық беріп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында клуб Сербияның танымал «Црвена Звезда» командасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.

Алдағы уақытта сербиялық клуб өкілдері Атырауға келіп, академиялық жүйесімен таныстырып, жергілікті жаттықтырушылармен тәжірибе алмасады. Сондай-ақ «Атырау» академиясының, оның ішінде Құлсары филиалының бапкерлері кәсіби дайындықтарын жетілдіруге мүмкіндік алады.