Атыраулық «Бейбарыс» Қазақстан хоккей кубогының топтық кезеңіндегі үшінші тур матчында қарағандылық «Сарыарқаны» буллиттер сериясында жеңді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Кездесу тартысты өтті. «Сарыарқа» үш рет алға шыққанымен, «Бейбарыс» әр жолы есепті теңестіріп отырды. Атырау командасының сапынан Дастан Еркінов пен Мұса Гусейнов мергендік танытты. Ал Гусейнов дубль жасап, командасына ойынды қосымша уақытқа дейін жеткізуге көмектесті.
Негізгі 60 минут 3:3 есебімен аяқталды.
Буллиттер сериясында «Бейбарыс» хоккейшілері дәлірек ойнап, 4:3 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, атыраулық клуб Қазақстан кубогында маңызды ұпайларға қол жеткізді.
Бүгін, 19 тамызда, «Бейбарыс» келесі матчын Рудныйдың «Горняк» командасына қарсы өткізеді. Ойын сағат 15:00-де басталады.