«Атырау» футбол клубы ресми түрде жекеменшік басқаруға берілді. Клубты тапсыру үдерісі толық аяқталып, енді ол 100 пайыз Caspian Football Group ЖШС-нің басқаруына өтті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Хабарланғандай, жекешелендіру жұмыстары Қазақстан Президентінің кәсіби спортты дамыту және футбол клубтарын жекеменшік секторға беру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. «Атырау» футбол клубының жаңа иесі – Болат Қайроллаұлы Қонарбай.
Жаңа басшылық жұмыс бағыттарының басымдықтарын да жариялады. Жоспарда балаларға арналған футбол академиясын салу, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, спорттық инфрақұрылымды жаңғырту және Атыраудағы үлкен футболды жаңа деңгейге көтеруге жағдай жасау көзделген.
Клубтың жекеменшік басқаруға өтуі қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік беріп, өңірдегі футболдың дамуына жаңа серпін береді деп күтілуде.
