Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасын өлтіру ісі бойынша тергеу Жангелдин ауылындағы қанды қылмыстың мән-жайын жария етті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасы — Үтешқалиева мен Қарабалиннің аса қатыгездікпен өлтірілуіне қатысты тың деректер айтылды.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 2 қараша күні кешкі сағат 23:00 шамасында Сарсемалиев жұбайы Ақбаян Мұқанғалиевамен және олардың үш жасар қызымен бірге таксимен Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылындағы ата-анасының үйіне келген.
Тергеу мәліметінше, Сарсемалиев пен әйелінің туыстары арасында ұзақ уақытқа созылған жанжал болған. Келесі күні таңғы сағат 08:00 шамасында Ақбаянның ата-анасы отбасылық кикілжің мәселесін тағы көтерген. Айыптау нұсқасына сәйкес, Үтешқалиева мен Қарабалин Ақбаян мен кішкентай Сафияның өздерінде қалуын, ал Сарсемалиевтің Махамбет ауданына барып қалған балаларын алып келуін талап еткен.
Тергеу дәл осы әңгімеден кейін айыпталушы әйелінің туыстарын өлтіруге түпкілікті шешім қабылдаған деп есептейді. Айыптау актісінде Сарсемалиев бұл талаптарды балаларынан және анасы бағып отырған немерелерінен айырылу қаупі ретінде қабылдағаны көрсетілген.
Прокурордың мәліметінше, қылмыс жасалар алдында Сарсемалиев мұқият дайындалған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол алдын ала қылмыстың ізін жасыру және қаза тапқандардың ақшасына қол жеткізу жолдарын ойластырған. Құжат рәсімдеу сылтауымен Қарабалиннің Kaspi.kz қосымшасына қол жеткізіп, аккаунтты өз телефонына тіркеген. Сонымен қатар, айыптау тарапының айтуынша, болашақ құрбандарының атына банк және зейнетақы шоттарын ашып, кейін төлемдерді өзі пайдалануды көздеген.
Тергеу дерегіне сүйенсек, қылмыс куәгер болмас үшін ауладағы сарайда алдын ала жоспарланған.
2025 жылғы 3 қараша күні таңертең Сарсемалиев Үтешқалиева мен Қарабалиннің шаруамен сарайға жиі кіріп-шығатынын байқаған. Осыдан кейін ол сарайда тұрған ет шабатын пышақты ыңғайлы жерге алдын ала дайындап қойған.
Сағат шамамен 09:00-де Өтешқалиева сарайға бірінші болып кірген. Тергеу нұсқасы бойынша, Сарсемалиев оның артынан кіріп, әйелдің теріс қарап тұрған сәтін пайдаланып, кеуде тұсы мен арқасына бірнеше рет пышақ сұққан. Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Осыдан кейін айыпталушы терезеден Қарабалиннің сарайға қарай келе жатқанын көрген. Сарайға кірген ер адам Сарсемалиевпен бетпе-бет кездескен. Айыптау тарапының мәліметінше, сол сәтте оған да кеуде, арқа және қол тұсына бірнеше рет пышақ жарақаты салынған. Ер адам да сол жерде қайтыс болған.
Қос кісі өлтірілгеннен кейін Сарсемалиев сарайды сыртынан жауып, үйге қайта кірген. Іс материалдарында оның сол уақытта өзін сабырлы ұстап, ешқандай күдік тудырмағаны көрсетілген.
Кейін түнде ол қайтадан сарайға оралып, қылмыстың ізін жасыруға кіріскен. Тергеу мәліметінше, айыпталушы кереуеттің астынан шамамен 1,3 метр тереңдікте шұңқыр қазып, ерлі-зайыптылардың денесін көрпеге орап көміп тастаған. Одан кейін жерді тегістеп, іздерді жасырып кеткен.
Әлия ЖАМИТОВА
Фото: автор
