Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылында қарт адамға қатыгездік көрсетілді деген күдікке байланысты дау туындады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Туыстарының айтуынша, бұрын ішкі істер органдарында қызмет еткен ер адам 90 жасқа жуық әкесін үйдің бір бөлмесінде қамап ұстаған. Айтуларынша, қарияға жеткілікті мөлшерде тамақ пен су берілмеген, сыртқа шығуға тыйым салынған, сондай-ақ оның қол-аяғы скотчпен байланып отырған.
Мәліметке сәйкес, қарт кісі қайшы тауып алып, өздігінен босанып шыққан. Түнде ол терезе арқылы үйден шығып, туған ағасының үйіне жетіп, көмек сұраған.
Туыстары бұл оқиғаға объективті тергеу жүргізіліп, кінәлілер заң алдында жауапқа тартылуын талап етуде. Қазіргі уақытқа дейін құқық қорғау органдары тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.
Егер бұл ақпарат расталса, оқиғаға қатысы бар тұлғалардың әрекетіне заң аясында құқықтық баға берілуі тиіс.
Атырау облысы полиция департаментінің түсініктемесі күтілуде...
