Атырау облысының тергеу органдары Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне қатысты резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша мән-жайды анықтады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Іс бойынша айыпталушы ретінде Сұлтан Сарсемалиев өтуде. Қылмыстық іс материалдары сотқа жолданған.
Жанжалдың алғышарттары
Іс материалдарына сәйкес, оқиғаға қатысушылар арасында бұған дейін тұрмыстық негіздегі келіспеушіліктер болған және уақыт өте келе ол ушыға түскен. Тергеу мәліметінше, арадағы шиеленіс ұзақ уақыт сақталып, өзара наразылықтармен қатар жүрген.
Қайғылы оқиғаның мән-жайы
Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыс Атырау облысындағы Мұнайшы ықшамауданындағы жекеменшік үйлердің бірінде болған. Сарсемалиев пен Наурыз Мұқанғалиев арасындағы жанжал физикалық қақтығысқа ұласқан.
Тергеу нұсқасы бойынша, туындаған төбелес кезінде айыпталушы жәбірленушіге асүй пышағымен өлімге әкелетін дене жарақаттарын салған. Алған жарақаттарынан ер адам оқиға орнында көз жұмған.
Қылмыс іздерін жасыру
Тергеу органдарының мәліметінше, қылмыс жасалғаннан кейін айыпталушы іздерді жасыру әрекеттерін жасаған: мәйіт жекеменшік үйдің ауласында жасырылған, сондай-ақ ықтимал айғақтарды жою шаралары қолданылған.
Тергеу және сараптама
Марқұм ұзақ уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болған. Кейін оның сүйегі табылып, сот-медициналық сараптамаға жіберілген.
Сараптама нәтижесінде зорлық-зомбылықпен жасалған өлімге тән көптеген тірі кезіндегі дене жарақаттары, соның ішінде ішкі ағзаларға зақым келтірген өтпелі жарақаттар анықталған. Жарақаттардың өлім алдында аз уақыт бұрын салынғаны және тікелей өлімге себеп болғаны белгілі болды.
Сот ісі
Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық іс материалдары мәні бойынша қарау және үкім шығару үшін сотқа жолданды.
Әлия Жамитова
