1991 жылдың сәуірінде 26 жастағы Нұрлан Қалиев Теңіздегі алғашқы ұңғыма іске қосылғаннан кейін түнгі ауысымда апаттық бригаданы басқарды. Арада отыз жылдан астам уақыт өтсе де, ол сол кезеңді еске алғанда өндірістің ауқымынан бұрын Теңіздегі мұнай өндірісінің негізін қалаған адамдарды ойлайды.
1980 жылдардың соңында Теңіз бір үлкен құрылыс алаңына ұқсайтын. Кен орнында және зауыт алаңдарында құрылыс, іске қосу және ретке келтіру жұмыстары қатар жүрді. Айналада техника да, адам да көп еді. Ал шетелдік жабдықтарды техникалық құжаттама негізінде және оны жеткізуші компаниялардың өкілдерімен бірлесіп меңгеруге тура келді.
«Есімде қалғаны, ол кезде алаң операторларына арнайы ресми оқыту жүргізілген жоқ. Сондықтан пайдалану қызметінің мамандары көбіне өз бетімізше үйрендік. Қалай болғанда да, жұмысты алып шықтық», - дейді Нұрлан Қалиев.
Алғашқы үлкен сынақ
1991 жылдың сәуірінде Теңіз кешенін іске қосу маңызды кезеңге айналды. Алғашқы №8 ұңғыманы іске қосу үшін цех басшылығы тәжірибелі төрт маманды таңдады. Олар - технологтар Әділбек Бисенбай мен Мейрам Молдашев, операторлар Абдулхамит Артығалиев пен Гафурин Әубәкіров.
6 сәуір күні кешке кешен жұмысын бастады.
Сол түні Нұрлан Қалиев апаттық бригаданы басқару үшін түнгі ауысымда қалды. Зауытқа кен орнынан келетін өнім көлемі жеткіліксіз болғандықтан, қосымша ұңғымаларды мүмкіндігінше тез іске қосу қажет еді.
Мамандар түні бойы бір-бірінен алшақ орналасқан нысандар арасында жүріп, қосалқы бөлшектер мен қажетті материалдардың тапшылығына қарамастан жұмыс істеді. Уақыт та тығыз болатын.
«Қиындық көп болды. Бірақ үлкен іске үлес қосып жатқанымызды сезіндік. Ол кезде мен 26 жаста едім, өзгелері де менен көп үлкен емес. Қазір өз жасымның биігінен қарасам, біз, шын мәнінде, балаң жігіттер екенбіз. Орташа жасымыз 30-дан аспаған шығар», - деп еске алады Нұрлан Қалиев.
Қиындықты әзілмен еңсерген
Жауапкершілігі жоғары жұмысқа қарамастан, мамандар әзіл мен көңілді сәттерге де уақыт табатын.
Кейін КТЛ зауытын басқарған кезінде Нұрлан Қалиев техникалық қызмет көрсету жөніндегі менеджер Том Хансонмен бір ауысымда кім көбірек салмақ тастайды деген тақырыпта бәстеседі. Осыдан кейін Нұрланның кеңсесіне күн сайын дерлік кәмпит, бәліш, тіпті торт әкеліне бастаған.
«Кезекті үлкен торттың бір бөлігін жеп болған соң, есікке қарай жалт қарасам, Том өз кеңсесінің есігіне тығылуға тырысып тұр екен. Сөйтіп, бәсті ұтқысы келген ғой. Техникалық қызмет көрсету бөлімінің жігіттері әрдайым креативті болатын», - деп күледі Нұрлан Қалиев.
Ұлттық кадрларға жол ашқан кезең
2005 жылдың күзінде Нұрлан Қалиев кен орнын басқару қызметіне тағайындалды. Ол кезде өндірістік нысандарды негізінен «Шеврон» қызметкерлері басқаратын. Қалиев өндірістік нысанға басшылық жасаған алғашқы қазақстандық мамандардың бірі болды.
«Мені бірден ескертті: өндірістік бөлімдегі лауазымдарды одан әрі ұлттық кадрларға беру қарқыны менің жұмыс нәтижеме байланысты болады деді. Жауапкершіліктің қаншалықты жоғары болғанын елестетіп көріңізші. Бір сөзбен айтқанда, өзім үшін де, артымдағы мамандар үшін де жауап бердім», - дейді ол.
Бір жылдан кейін басшылық оның жұмысын «Шеврондағы» әріптес басқарушылардың деңгейінен кем емес деп бағалады. Тіпті «кейбірінен жоғары» екенін де атап өтті. Көп ұзамай оның орнына қазақстандық маман тағайындалып, Қалиевтің ауысымдағы қызметін де ұлттық кадрлар атқара бастады.
Бүгінде Теңізшевройл қызметкерлерінің 96 пайызы - қазақстандықтар. Ал компанияның басшылық құрамындағы қазақстандықтардың үлесі 90 пайызды құрайды.
Отыз жылдан кейінгі Теңіз
Отыз жылдан астам уақыт ішінде Теңіз де айтарлықтай өзгерді. Өндіріс көлемі артты, жаңа нысандар бой көтеріп, қолданыстағы объектілер жаңғыртылды. Инфрақұрылым мен энергиямен қамту жүйесі де дамыды. Мамандардың тұрмыстық жағдайы да жақсарды..
Компаниядан кеткеннен кейін де Нұрлан Қалиевтің кәсіби тәжірибесі өмірінде өз пайдасын тигізіп келеді. Оның айтуынша, стратегиялық ойлау, ұзақ мерзімді жоспарлау және тәуекелдерді бағалау өндірісте ғана емес, күнделікті өмірде де қажет.
Бүгінде ол жұбайымен бірге балаларына көмектесіп, немерелерін тәрбиелеуге атсалысады. Дегенмен Теңізді сағынатынын жасырмайды.
«Ең алдымен адамдарды сағынамын. Көптеген тамаша әріптеспен бірге жұмыс істеу бақыты бұйырды. Олардың біразымен әлі күнге дейін араласамыз», - дейді ол.
Нұрлан Қалиев мұнай-газ саласындағы жас мамандарға технологиялық өзгерістер мен бәсекеге дайын болуға кеңес береді.
«Үнемі білім алып, жаңаны меңгеру, өзгерістерді қабылдау және оларға бейімделу керек. Тіпті өзгерістер әрдайым өзіңізге қолайлы бола бермесе де», - дейді ол.