Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Сұлтан Сәрсемәлиев жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның төрт туысын аса қатыгездікпен өлтіру себебін түсіндіріп, эмоциялық мәлімдеме жасады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі
Айыпталушының сөзінше, әйелінің туыстары олардың отбасылық өміріне үнемі араласып, ерлі-зайыптыларды ажыратуға тырысқан және бірге тұруларына мүмкіндік бермеген.
— Менің отбасыма араласып, әйелім екеуміздің арамызды бұзды, ақыры ажырастырып тынды, — деді Сәрсемәлиев сотта.
Оның айтуынша, жанжалдан кейін оған жұбайы мен бес баласын көруге мүмкіндік берілмеген. Әйелінің туыстары тарапынан болған қысым оны қылмысқа итермеледі деп мәлімдеді.
— Менен әйелім мен бес баламды тартып алды… Өз балаларыммен қорқытып, осындай қылмысқа дейін жеткізді, — деді айыпталушы.
Сонымен қатар Сәрсемәлиев өзінің «ар-намысы қатты тапталғанын» айтып, соңына дейін отбасын сақтап қалуға тырысқанын жеткізді.
Еске салайық, Сұлтан Сәрсемәлиевке жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның төрт туысын — ата-анасын, бауыры мен қарындасын өлтірді деген айып тағылған. Бұған дейін ол кінәсін мойындап, алқабилер сотынан бас тартқан және өмір бойына бас бостандығынан айырылуға дайын екенін мәлімдеген еді.
Әлия ЖАМИТОВА
Фото: автор
