22 сәуір күні шамамен сағат 20:30-да Кульсары қаласында аулада ойнап жүрген балалар пәтерге кіре алмай, полицияға жүгінді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Оқиға орнына келген қызметкерлер көршілермен бірге қатты газ иісін сезді. Жағдайдың қауіпті екенін бағалап, полицейлер есікті бұзып кіру туралы шешім қабылдады. Пәтер ішінен 47 жастағы әйел ес-түссіз күйде табылды. Оны жедел түрде қызметтік көлікпен ауруханаға жеткізді.
Кейін анықталғандай, асүйде газ плитасының конфоркалары ашық қалып, соның салдарынан газ шыққан. Оқиға орнына сондай-ақ газдың авариялық қызметі шақырылды. Аталған факт бойынша тексеру жүргізілуде.