Жүргізуші қаза тауып, төрт бала зардап шекті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау облысының бір отбасы Шетпе – Сайөтес тасжолында болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасына тап болды. Апат салдарынан жүргізуші көз жұмып, төрт бала жарақат алды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Қайғылы жол апаты 28 шілде күні таңертең Шетпе – Сайөтес автожолының 252-шақырымында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Chevrolet Cobalt автокөлігін басқарған Атырау облысының тұрғыны көлікті тізгіндей алмай қалған. Соның салдарынан автокөлік жолдан шығып кетіп, аударылған. Жүргізуші оқиға орнында қаза тапты.
Көлік ішінде төрт бала болған. Олардың барлығы түрлі дене жарақаттарын алып, ауруханаға жеткізілді.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің мәліметінше, апатқа дейін бұл көлікті патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатқан. Жүргізушімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, демалу үшін міндетті түрде аялдау ұсынылған.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
