«Парасат» мешітінің ұстазы Сержан Тұрақбайұлы Атырау облысы, Индер ауданында Жайық өзеніне батып бара жатқан 8 жастағы баланы құтқарып, ерлік көрсетті. Бұл туралы AtyrauTODAY тілшісі хабарлады.
Оқиға барлығы үшін үлкен сынақ болды. Алайда дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болды. Сержан Турақбайұлы қауіпсіздігіне қатер төнсе де, суға батып бара жатқан балаға көмекке келіп, оны аман алып қалды.
Көрсеткен батылдығы, шешімділігі мен азаматтық белсенділігі үшін құтқару жұмыстарына қатысқан азаматтарға Индер ауданы әкімінің атынан алғыс хаттар табысталды.
Индер ауданы әкімінің міндетін атқарушы Фархат Шахметов оқиғаға қатысушылармен кездесіп, қиын жағдайда жедел әрекет етіп, көмекке келгендері үшін шынайы алғысын білдірді.
Мұндай ерлік — адамгершілік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Куәгерлердің бейжай қалмай, дер кезінде шешім қабылдауының арқасында баланың өмірі сақталды. Бұл оқиға өзара көмек көрсетудің және бір-бірімізге мұқият болудың, әсіресе судағы қауіпсіздікке қатысты жағдайларда сақтық танытудың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетеді.
