Атырауда тұрғын үйден шыққан өрт кезінде жеті адам құтқарылды. Олардың арасында бала да бар, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Әуезов көшесінде орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің балкондарынан өрт шыққаны туралы «112» пультіне хабарлама түсті. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер ғимараттың екінші және үшінші қабаттарындағы балкондарды жалын шарпығанын анықтады. Өртті сөндіруге газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары жұмылдырылды.
Құтқарушылар баспалдақ арқылы ғимараттан жеті адамды, оның ішінде бір баланы қауіпсіз жерге эвакуациялады.
Өрт жедел түрде сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға және от көздерін қараусыз қалдырмауға шақырады.
