Атырау қаласының Алмагүл шағын ауданындағы 17Д үйдің екінші подъезінде үш жасөспірімнің қатысуымен құқық бұзушылық орын алған. Бұл туралы AtyrauTODAY тілшісі хабарлады.
Тұрғындардың айтуынша, жасөспірімдер сағат 18:00 шамасында подъезге алкогольдік ішімдікпен кірген. Кейін лифт арқылы шатырға шығатын есік орналасқан қабатқа көтеріліп, сол жерде ішімдік ішіп, темекі шеккен.
Олар аталған жерде үйдің мүлкіне зақым келтірген. Ал төмен түсу кезінде бейнебақылау камерасын істен шығаруға әрекет жасап, оның сымдарын жұлып кеткен.
Оқиғаның барысы үйге орнатылған бейнебақылау камераларына жазылып қалған. Бейнежазбада құқық бұзушылықтың орын алған уақыты да көрінеді.
Атырау қалалық полиция басқармасының мәліметінше, құқық бұзушылық жасаған барлық жасөспірім анықталып, полиция басқармасына жеткізілген. Қазіргі уақытта олардан заңды өкілдерінің қатысуымен түсініктеме алынуда.
Полиция тарапынан жасөспірімдерді заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандар профилактикалық есепке қойылып, ішкі істер органдарының бақылауына алынатын болады.
Полиция жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ата-аналарды балаларының бос уақытын бақылауға және олардың мінез-құлқына жауапкершілікпен қарауға шақырады.