Атырауда сот «Toyota Alphard» автокөлігінің 33 жастағы жүргізушісіне қатысты үкім шығарды. Ол Авангард ықшамауданындағы тұрғын үй ауласында төрт жасар баланы қағып кеткен болатын, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Жол-көлік оқиғасынан кейін бүлдіршін клиникалық өлім жағдайына түсіп, бір айға жуық комада жатқан. Кейін ол көру қабілетінен айырылып, өздігінен жүріп-тұру мүмкіндігін жоғалтқан.
Баланың әкесінің айтуынша, қазіргі таңда ұлы төсекке таңылған, бір қолы толыққанды жұмыс істемейді және қымбат ем мен ұзақ мерзімді оңалтуды қажет етеді.
Сот жүргізушіні жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты ол жазасын өтеуден босатылды.
Сонымен қатар, сотталған азамат үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды және жәбірленуші отбасыға 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Ал баланың ата-анасы ұлын емдеу мен оңалту шығындарын негізге алып, 50 миллион теңге өндіріп беруді сұраған.
Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.