Атырау қаласында сотталған адамға тыйым салынған заттарды беруге әрекет жасау фактісінің жолы кесілді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау қаласындағы №15 түзету мекемесінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерімен бірлесіп, сотталған адамға тыйым салынған байланыс құралдарын беруге жасалған әрекетті тоқтатты.
ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, сәлемдемені тексеру барысында тыйым салынған заттар пісірілген қарақұмық ботқасының ішінен анықталған.
Әскери қызметшілер үш ұялы телефон мен бір қуаттағыш құрылғыны тәркіледі.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қырағылығы мен қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында тыйым салынған заттарды мекеме аумағына алып кіруге жасалған әрекеттің жолы дер кезінде кесілді.