Атырауда полиция қызметкерлері ұрлық жасады деген күдікпен 19 жастағы жас жігітті полиция бөліміне жеткізді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Тексеру барысында күдіктінің бұған дейін де құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Сонымен қатар оның Атырау қаласында тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрғаны белгілі болды.
Күдіктіні полиция бөліміне жеткізу кезінде кейбір азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, олардың қызметтік міндеттерін атқаруына кедергі келтірген.
Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысты бейнежазбаны зерделеу барысында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекетінен заң бұзушылық анықталмаған. Оқиғаға қатысқан әр азаматтың әрекетіне заң талаптарына сәйкес құқықтық баға беріледі.
Полиция азаматтарды өз мүлкіне мұқият болуға шақырады. Құнды заттар мен ұялы телефондарды қараусыз қалдырмай, үйлер мен автокөліктердің есік-терезелерін құлыптап жүру қажет.
Егер күдікті әрекеттерді байқасаңыз немесе ұрлықтың куәсі болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласыңыз.