Атырау облысындағы мектептердегі құқықбұзушылықтар үшін алты адам қызметінен босатылды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау облысында жүргізілген тәртіптік тексеру нәтижесінде алты қызметкер лауазымынан айырылды, тағы 24 адам білім беру мекемелеріндегі құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Биғамбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, мектептердегі заңбұзушылықтар оқу орындары әкімшіліктері мен жеке күзет қызметтерінің өз міндеттерін тиісінше орындамауынан болған.
— Мектеп басшылары мемлекеттік сатып алулар талаптарының сақталуын бақыламайды. Егер күзет агенттіктері өз міндеттерін дұрыс орындамаса, сотқа жүгіну қажет, — деді ол.
Аталған істер тәртіптік комиссияда қаралды. Нәтижесінде, 6 қызметкер атқарып отырған лауазымынан босатылды, 24 қызметкерге түрлі тәртіптік жаза қолданылды.
Аман ШАМАР