Атырауда құтқарушылар шалғайдағы қыстақтан ана мен үш баланы эвакуациялады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Қызылқоға ауданында Сағыз ауылы маңындағы қыстақта тұратын баланың денсаулығы кенеттен нашарлаған. Қалың қар мен қолайсыз ауа райының салдарынан жолдар жүруге жарамсыз болып, отбасы өз күшімен елді мекенге жете алмаған. Құтқарушылар арнайы техникамен жедел түрде оқиға орнына барып, анасы мен үш баланы эвакуациялап, шамамен 60 шақырым қашықтықтағы Сағыз ауылына жеткізді. Онда отбасы медицина қызметкерлеріне тапсырылды.
Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының үйлесімді әрі жедел әрекетінің арқасында қажетті көмек дер кезінде көрсетілді.
