Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында енесін өлтірді деп айыпталған Ж.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-тің 99-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы), деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Іс сотталушының есі дұрыс емес болуына байланысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені шешу үшін сотқа берілді.
2025 жылдың 10 мамырында азамат К. өзінің төсек тартып жатырған қарт анасын (1942 ж.т.) Жасқайрат ауылына күтім жасау үшін алып келген. Оның әйелі Ж. бұған қарсы болып, арты жанжалға әкелген. 2025 жылдың 27 мамырында күйеуінің жоқтығын пайдаланып, Ж. дәрменсіз енесінің бас аймағына ас үй пышағымен 4-5 рет соққы жасаған. Жәбірленуші аудандық ауруханада қайтыс болды. Кешенді сараптамаға сәйкес, Ж. (1986 ж.т.) созылмалы психикалық бұзылуымен ауырады – параноидты шизофрения. Денсаулық жағдайы бойынша сотталушы сот отырыстарына қатыса алмайды. Айыпталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен, бейнежазбалармен және сараптама нәтижелерімен толық расталған.
Прокурор Ж.-ға қарқынды бақыланатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық ауруханада мәжбүрлі емдеу тағайындауды сұрады. Жәбірленуші прокурордың мәжбүрлеп емдеу туралы ұстанымын қолдады.
Сот ҚК-тің 99-бабының 2-бөлігінің 3-тармағында көзделген әрекетті Ж. есi дұрыс емес күйде жасағанын анықтады. ҚК-тің 16-бабына сәйкес ол қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Ж.-ға сот қаулысымен қарқынды бақыланатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық ауруханада медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: ru.freepik.com