Атырауда Жайық өзенінде екі қайық соқтығысып, екі адам зардап шекті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Облыстық полиция департаменті судағы оқиға туралы хабарлады. Оқиға 22 маусым күні сағат 23:35 шамасында Жайық өзенінде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, MAN-0468 және Dolphin ATR-0787 маркалы екі моторлы қайық соқтығысқан. Апат салдарынан ATR-0787 қайығында болған екі жолаушы түрлі дәрежедегі жарақат алған. Зардап шеккендер жедел түрде облыстық ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы мен соқтығысудың себептері анықталуда. Полиция азаматтарды су көлігін пайдалану кезінде, әсіресе түнгі уақытта, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
