Жыл басынан бері Атырау қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында абаттандыру қағидаларын бұзудың 5 110 дерегі анықталды. Ал қоғамдық орындарды ластауға қатысты тағы 286 құқықбұзушылық тіркелді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Анықталған деректердің 94-і бойынша құқық бұзушылар бір жыл ішінде осыған ұқсас әрекеттерді қайталаған. Барлық фактілер бойынша әкімшілік шаралар қабылданды.
Мәселен, 11 қазан күні сағат 16:21 шамасында Азаттық көшесінде 1974 жылы туған ер адам қоқысты белгіленбеген жерге тастап, абаттандыру қағидаларын бұзған.
Тағы бір жағдай 28 қыркүйекте Құрманғазы ауданында тіркелді. Қыдыр ата көшесіндегі үйлердің артында орналасқан қоқыс контейнерлері толып, тұрмыстық қалдықтар айналаға шашылған. Тексеру барысында аумақты күтіп ұстауға жауапты ұйым өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны анықталды.
Бір жыл ішінде осындай құқықбұзушылықты қайталағаны үшін ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тазалық – ортақ жауапкершілік. Қоғамдық орындарды таза ұстау және абаттандыру талаптарын сақтау – әрбір тұрғынның міндеті. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар қала тазалығын сақтауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған.

