Атырау қаласында жағажайларды абаттандыруға 91 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырауда қалалық жағажайларды дайындау және абаттандыру жұмыстарына 91 млн теңге бөлінді. Қаражат жағалау сызығын тегістеуге және қажетті инфрақұрылымды орнатуға бағытталады.
2026 жылы 7 жағажайды дайындау жоспарланып отыр: оның 3-еуі қала ішінде, ал 4-еуі ауылдық округтерде орналасады. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы уақытша тоқтатылған, жұмыстардың басталу мерзімі нақтылануда.
Қала әкімдігі жағажайларды күтіп ұстауды өз бақылауына алмақ. Осы мақсатта барлық демалыс аймақтарына қызмет көрсететін, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және қажетті жабдықтарды сатып алатын коммуналдық мекеме құрылуда.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде суға түсуге рұқсат етілген 12 орын және шомылуға тыйым салынған 116 қауіпті аумақ анықталған. Тыйымды бұзғандарға 7 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
Өткен жылы қала су айдындарында 8 адам қаза тапқан.