Атырау–Доссор автожолының 601-шақырымында Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері «Volvo» маркалы автокөлікті тоқтатты. Бұл туралы AtyrauTODAY тілшісі хабарлады.
Көлікті тексеру барысында жалпы салмағы 17 тонна 652 келі балық өнімі анықталып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша балық ресурстарын заңсыз аулау дерегіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Тергеу мүддесіне байланысты істің өзге де мән-жайлары әзірге жарияланбайды.
Полиция азаматтарды табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға шақырады. Сондай-ақ балықты заңсыз аулау, сақтау немесе тасымалдау фактілері туралы құқық қорғау органдарына хабарлауды сұрайды.
Заңсыз балық аулау табиғи ресурстарға елеулі зиян келтіріп, экологиялық тепе-теңдікке кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан балық ресурстарын қорғау және оларды заң талаптарына сәйкес пайдалану – баршаға ортақ жауапкершілік.
