Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматын Грузиядан елге экстрадициялады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2021 жылдың қаңтары мен 2022 жылдың ақпаны аралығында Атырау қаласында жәбірленушіге Кипрден пәтер сатып алуға көмектесемін деп сендіріп, одан бірнеше рет ақша аударымын алған. Осылайша, жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам қаржыны иемденген.
Осыдан кейін ол құқық қорғау органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.
2026 жылдың маусым айында күдікті Грузия аумағында ұсталып, кейін Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды. Егер кінәсі дәлелденсе, оған мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.