Атырау +7 7719012424 Электрондық пошта мекенжайы спам-боттардан қорғалған. Мекенжайды көру үшін браузерде Javascript қосулы болуы тиіс.

Тілді таңдаңыз

Тілді таңдаңыз

Атыраудағы 120 тарихи жер-су атауы кітапқа енді

 

 

Атырауда Республика күніне орай тарихи фотокөрме өтіп, «Құрманғазы ауданының жер-су атаулары» атты кітап таныстырылды. Жаңа басылымға тарихи деректермен расталған 120 жер-су атауы енгізілген. Ал фотокөрмеге ХІХ ғасырдың ортасынан бастау алатын 53 архивтік сурет қойылды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

 

«Атырау қаласының тарихи суреттері» атты уақытша көрме үш бөлімнен тұрады. Онда қаланың өткенінен сыр шертетін фотосуреттер мен сол кезеңнің тыныс-тіршілігін бейнелейтін ашықхаттар ұсынылған.

 

 

«Жайық жағасындағы көпірлер тарихы» бөлімінен Орталық көпірдің 1956–1965 жылдардағы көріністерін көруге болады. «Ескі Гурьевтің сәулеті мен тарихи келбеті» бөлімінде Орджоникидзе көшесінің бұрынғы бейнесі мен «Қызыл кустар» ательесінің ғимараты көрсетілген. Ал «Тарихи Гурьевтің қоғамдық және әлеуметтік нысандары» бөлімінде 1891 жылғы түрме ғимараты мен 1904 жылғы Теңіз жүзу училищесіне қатысты фотоматериалдар жинақталған.

 

 

Көрме аясында «Құрманғазы ауданының жер-су атаулары» атты зерттеу еңбегі де көпшілікке таныстырылды. Кітапты әзірлеу барысында 1864-1945 жылдардағы карталар зерттеліп, далалық экспедиция ұйымдастырылған.

 

 

- Зерттеу барысында аудан аумағындағы 2 мыңға жуық нысан қарастырылды. Бұл жұмыс бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен тарихи карталарды зерттедік, кейін 20 күн бойы далалық экспедиция жүргізіп, музейге бардық, ақсақалдармен кездестік, - деді Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға-оқытушысы Арман Жұмағазиев.

 

Сонымен қатар зерттеушілер тарихи атауларды сақтау және кеңестік кезеңнен қалған кейбір топонимдерді қайта қарау жөнінде ұсыныстар жасаған. Олардың қатарында Алексеевский, Аэропорт және басқа да жер-су атаулары бар.