Халықаралық кітап күніне орай Атырауда “Кітап fest” өтеді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Іс-шараның басты мақсаты — кітап оқу мәдениетін дамыту, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын кеңінен насихаттау және оқырман мен автор арасындағы байланысты нығайту.
Бағдарлама мазмұнға бай: келушілер театрландырылған қойылымдарды тамашалап, жергілікті өнерпаздардың өнеріне куә болады. Кештің арнайы қонағы — эстрада жұлдызы Төреғали Төреәлі.
Фестиваль аясында кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, әр оқырман өзіне қажетті әдебиетті таба алады. Ал Community алаңында кітап клубтары бас қосып, пікір алмасып, жаңа идеялар туындайды. Сондай-ақ танымал ақын-жазушылармен кездесу, шығармашылық сұхбат және қолтаңба сессиясы өтеді.
Арнайы қонақтар: Бейбіт Сарыбай — ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары; Ерлан Жүніс — «Ана тілі» газетінің бас редакторы, ақын; Қанат Бірлікұлы — жазушы, «Қазақ кітабы» баспасы; Әлішер Айтуар — жазушы, драматург; Перизат Мырзахмет — сценарист, продюсер.
Қатысатын баспалар: «Жазушы», «Көкжиек-Горизонт», «Qasym», «Атамұра», «Мазмұндама», «Steppe World Publishing», «Сана». Балаларға арналған мюзикл, поэзия кеші және жанды дауыстағы әндер фестиваль атмосферасын ерекше әсерге бөлейді.
Сонымен қатар, келушілер QR-код арқылы атыраулық авторлардың электронды кітаптарымен таныса алады. Фестиваль аясында «Оқырман отбасы», «Ең көп оқитын отбасы», «Үздік кітапқұмар-2026», «Үздік оқырман-2026», «Ең жас оқырман-2026» және өзге де номинациялар бойынша марапаттау рәсімі өтеді. “Кітап fest” — бұл тек мәдени шара емес, білім мен өнер тоғысқан рухани алаң.