Болат Ақшолақов “Самал” шағынауданында тұрғын үйлер мен инженерлік желілерді уақытында пайдалануға беруді тапсырды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов жұмыс сапарымен “Самал” шағынауданына барып, ондағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен және инженерлік желілер тарту жұмыстарымен танысты.
Шағынаудандағы 6,7 гектар аумақта 1 152 пәтерлік 16 тоғыз қабатты үй салу жоспарланған. Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Арнат Оңдасыновтың айтуынша, қазір сегіз үй салынып жатыр. Үйдің алтауын (432 пәтер) “Direct Construction Service” ЖШС салды, техникалық паспорттары дайын. Пәтерлер “Отбасы банкінің” жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларына арналған. Тағы 144 пәтерлік екі үйдің құрылысы жүріп жатыр, олар 2027 жылғы наурызда пайдалануға берілмек.
Алты үйдің алаң ішіндегі желілері, соның ішінде су, газ, электр желілері және кәріз жүйелері салынған, қазір қабылдау актілері рәсімделіп жатыр. Нысан қарашада пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Барлық 16 үйдің сыртқы инженерлік желілері 80%-ға дайын, жоспар бойынша 2026 жылғы желтоқсанда пайдалануға берілмек.
Болат Ақшолақов тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылым құрылысын сапалы жүргізіп, жұмысты уақытында аяқтауды, сондай-ақ пәтерлерді “Отбасы банкінің” жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары шеңберінде өткізуді ұйымдастыруды тапсырды.
